Басы Қарағанды обл. тар.-өлк. муз. Сарыарқаның қолданбалы қолөнері.
Басып шығару


«Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік, және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап, түрлі нақыштарымен әшекейлейтін болды. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондаған қолданылған әдістер архитектурада да кеңінен қолданылып келеді» /1/. Ертеден біздің заманымызға дейін сақталған мазарлар мен ескерткіштердегі, діни әр түрлі құрылыстардың қабырғалары мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер, ағаштан қиюластырып, тастан қашалып жасалған дың, діңгектер — халық қолөнерінің тамаша туындылары.
Мал шаруашылығына қажетті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, ер, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандарды да халық даналығы ойлап тапты. Зергерлік, кестешілік және оюшылық өнерді дамытты. Халық өнерпаздары құмнан, тастан, саздан құмыра, ыдыс-аяқтар, мүйізден, сүйектен, мал мен аң терілерінен әшекейленген нақышты мүліктер, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты ішекті аспаптарын жасады.
Халықтың қолөнеріндегі мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы – қайыс өру, қару-жарақ, көшу-қону, жол-жорық жабдықтары еді Сондықтан қолөнер «еркектерге тән», «әйелдерге тән» деп екіге бөлініп келеді.
XIX ғасырда және XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішіңде киіз үйдің сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап ер-тұрман мен белдік, қыз-келіншектерге арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға, жасап оларды түрлі түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті. Қазақ халқының «Қарыс қазы — балықта, қалың қазына – халықта» деген мақалды да осы өнер молшылығынан туған еді.
Әрине, жоғарыда аталған қолөнердің бір қатары өте көп еңбек етуді керек етті. Бертін келе, адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды, кейбіреулері тұрмыс қажетіне жарамсыз болғандықтан тіпті қолданылмады. Халық әлі де болса тұтынып келе жатқан ұлттық мүліктердің түрлері мен сапасы жаңарды. Халықтың қолөнері творчествосын ғылыми негізде арнайы жекелеп зерттеу ісі басталғалы 100 жылдан астам уақыт өтті. XX ғасырдың ортасында қолөнер туралы байыпты зерттеулер мен ғылыми еңбектер шығарылды. Ғалымдар Ә. Марғұланның, Т. Бәсеновтің, Э. Масановтың, М. Мұқановтың және тағы басқаларының зерттеулері осы саланы қарастырды.
Сарыарқаның қолданбалы қолөнері жайында ғалым А. Сейдімбектің «Қазақ әлемі» атты еңбегінде аталып өтеді. Осы өңірде материалдық мәдениетке қатысты зерттеу жұмыстары бойынша зерттеушілер Захарова, Ходжаева Қарағанды облысының Ұлытау ауданында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесі қазақ халқының ұлттық киімі атты еңбекке енді.
Облыстық мәдениет басқармасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі қолданбалы қолөнері туындыларына қатысты ақпарат жинақтау, ғылыми сараптама жүргізу, қолөнер туындыларының жасалу технологиясына көңіл аудару және халық арасына кең насихат жұмыстарын жүргізуді мақсат ете отырып облыс көлемінде аумақты далалық этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Далалық экспедиция барысында бірнеше елді мекендерде халық өнерін сақтаушы көне көз қариялармен, осы саланы қиындығы мен күрделілігіне қарамастан дамытып келе жатқан халық шеберлерімен бірнеше сауалнама жұмыстары жүргізілді. Салты берік халық қашанда жасампаз болмақ.

Аршабеков Т. Т., Шашенов Д.Т


 

 

Новый зал "Сакской культуры"
 

Russian (CIS)ҚазақEnglish (United Kingdom)

Жаңылыс жазуды таптыңыз ба?

Текст бөліп шығарыңыз, басыңыз және хабарды бізге жіберіңіз.

Счетчики

Яндекс.Метрика